Гүлім Құрманбаева – Параазиаданың қола жүлдегері!

Дастан Жұмабекұлы

Спортшы пара пауэрлифингтен 45 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті  

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан IV Пара Азия ойындарында пара пауэрлифингтен 45 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Гүлім Құрманбаева қола медаль иегері атанды.

Осымен Қазақстан спортшыларының қоржыны тағы бір қола жүлдемен толықты. Оның алдында үшінші орынды пара каноэден Максим Богатырев пен Жаңыл Балтабаева жеңіп алған еді.

Қазір Қазақстан спортшылары 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальді иеленіп отыр. Алтын жүлдені пауэрлифтер Давид Дегтярев пен пара дзюдодан J2 cанаты бойынша 48 келі салмақта өнер көрсеткен Ақмарал Науатбек барлық қарсыласынан басым түсті.  

Пара Азия ойындары 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында 22 қазанда басталды. Ол 28 қазанға дейін болады. Биылғы жарыс осымен төртінші рет болып жатыр. Параазиадаға елімізден спорттың 14 түрінен 131 спортшы қатысуда.

Параазиадада жалпы саны спорттың 22 түрінен 564 жүлде жиынтығы ойнатылатын болады. Атлеттер пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, пара жеңіл атлетика, пара таэквондо, пара оқ ату, пара садақ ату, отырып ойнау волейболы, пара үстел теннисі, пара велоспорт, пара академиялық есу, шахмат, бочча, каноэ сынды жарыстарға қатысады.

Еске сала кетcек, спортшылар мен жаттықтырушыларды бір жолғы қаржылай қолдау Азия ойындарының жүлдегерлерімен бірдей мөлшерде болады. Осылайша, Азия Пара ойындарының чемпионы атанған спортшы 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алады. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушының алатыны – 5 мың АҚШ доллары. Параазиаданың күміс жүлдегері 5 мың АҚШ долларын, ал оның жаттықтырушысы 3 мың АҚШ долларын алады. Сондай-ақ қола медаль жеңіп алған ұлттық құраманың спортшысы үшін 3 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру және оның жаттықтырушысы үшін 2 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйлық қарастырылған.