Ұлыбритания Путиннің бұрынғы әйелі мен Кабаеваға санкция салды
Бұған дейін Путиннің қыздары – Катерина Тихонова мен Мария Воронцова да тізімге кірген болатын

Ұлыбритания бұрынғы гимнастшы Алина Кабаева мен оның әжесіне және тағы 10 адамға санкция салды.
Forbes.ru порталының хабарлауынша, бұл 12 адам Ресей президенті Владимир Путиннің жақын туыстары мен достары.
Wall Street Journal газеті бұған дейін АҚШ Украинадағы соғыс басталысымен Кабаеваға санкция салу мәселесін бірінші болып көтергенімен, соңынан Путиннің жүйкесіне тиіп, ашуландырып алудан қорқып, соңғы сәтте ондай қадамға бара алмағанын жазды.
Сол себепті бұл іске Ұлыбританияның өзі кірісіп отыр. Қазір Кабаеваның Путиннен үш баласы бар.
Санкция тізіміне Кабаеваның нағашы әжесі Анна Зацепилина, Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Очеретная, немере бауыры Игорь Путин мен оның ұлы Роман Путин, Путиннің немере інісі Михаил Путин, Михаил Шеломов, сондай-ақ «Газфонд» зейнетақы қорының басшысы, Путиннің 24 ақпан күні-ақ санкцияға ілініп кеткен бұрынғы күйеу баласы Кирилл Шамаловтың ағасы Юрий Шамалов бар.
Кабаеваның нағашы әжесі бұған дейін санкцияға ұшыраған миллиардер Геннадий Тимченкомен жақын байланысы болуы мүмкін делінуде.
Жаңа тізімге Путиннің балалық шақтан бергі досы және іскер әріптесі Петр Колбиннің ұлы «Морской порт Геленджик» компаниясының бас директоры Владимир Колбин, Людмила Путинаның (Очеретная) ағасы, Путиннің курстасы, петербургтік бизнесмен Виктор Хмарин, Александр Плехов, «Россия» банкісінің басқарма төрағасы Михаил Клишин іліккен.
Бұған дейін 6 сәуір күні Владимир Путиннің Людмиладан туған қыздары – Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға санкция салынған болатын.