Тұрғын үйді салған мердігер мекеменің 5 қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды
Облыстың 85, Жаңақорған ауданының 95 жылдығын атап өту аясында 50 отбасы Жаңақорған кентінен жаңа баспана алды.
Қызылорда облысы әкімдігінің хабарлауынша, өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін қос мерекемен құттықтаған.
Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өтті. Кейінгі жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгін облыстың 85 жылдығына орай аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 50 отбасының қуанышын еселемекпіз. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалған қолдаудың нақты көрінісі, – деді өңір басшысы.
Баспана тапсыру рәсімінде қоғам қайраткері Нұрлыбек Жолдасбаев ауыл тұрғындарын құттықтап, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ардагер Мұзарап Махмутов бата берді.
Тұрғын үйді салған мердігер мекеменің 5 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңадан салынған 25 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Әр пәтерде қонақ, жатын, жуынатын бөлмелер, ас үй қарастырылған. Үйіргелік жер учаскесі – 700, пәтердің алаңы – 100 шаршы метр.
Айта кетсек, Сыр өңірінде соңғы 3 жылда аумағы 231 мың шаршы метр 2 мың 868 пәтерлік 148 тұрғын үй салынды. Биыл 31 млрд 400 млн теңгеге 130 мың шаршы метрлік 1 мың 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 1 мың 430 пәтерлік 30 үй халық игілігіне табысталады.
Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Бұған жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 520 пәтерлік 11 несиелік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.