Қазақстан қылмыспен күресуде Оңтүстік Корея тәжірибесіне сүйенбек

Дәурен Ерболат

Қос ел ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді

Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Корея Республикасына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Polisia.kz.

Ведомство басшысы бастаған Қазақстан делегациясы Кореяның бірқатар мемлекеттік орган жетекшілерімен кездесулер өткізді.

19 қазанда министр билеуші партияның бас хатшысы Ли Чюль Гюмен және корейлік ұлттық полиция агенттігінің бас комиссары Юн Хи Кынмен кездесті. Сондай-ақ Қазақстан делегациясы дүниежүзілік полиция көрмесіне барып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын соңғы жобалармен танысты.

20 қазанда Ержан Саденов Ішкі істер және қауіпсіздік министрі Ли Санг Минмен кездесу өткізді.

Барлық келіссөзде қазақстандық тарап көші-қон және қылмысқа қарсы күрес саласында екіжақты ынтымақтастық орнату мәселесін талқыға салды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация Корея көші-қон қызметінің комиссарымен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық шарттар жасасу бойынша жеке келіссөз жүргізді. Кездесулердің қорытындысы бойынша қос тарап жоғарыда аталған бағыттар бойынша өзара тиімді әріптестік орнатуға уағдаласты.

Сапар аясында Ержан Саденов Шинхан университетінің ректоры Канг Сонг Джонгпен де кездесті. Онда қазақстандық полиция академияларының корей тарапымен кадрлар даярлауы, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруы, лекторлардың өзара сапарларын ұйымдастыруы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.