Алматы мен Қарағанды облыстары да антилидерлер қатарында
Алматы еліміздегі ауыр қылмыстар ең көп жасалатын қала. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті осындай мәлімет келтіріп отыр. Комитеттің қылмыстар картасында келтірілген дерек бойынша, бір Алматыда жыл басынан бергі он айдың ішінде ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстарды қосып есептегенде 15 500-ден аса қылмыс тіркелген. Мұның ішінде жергілікті прокуратура, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті, комитеттің Шекара қызметі мен қалалық Экономикалық тергеу департаменті және басқа да құзырлы органдардың мәліметі келтірілген.
Алматыдан бөлек, елорда да антилидерлер қатарындағы алғашқылардың бірі болып отыр. Мұндағы статистикаға қарасақ, ауыр қылмыс ретінде қарастырылатын істердің саны 10 мыңнан асып түседі.
Сондай-ақ, Алматы мен Қарағанды облыстарының статистикасы да еліміздегі ауыр қылмыстар ең көп жасалатын өңірлер санатына кіреді.
Ауыр қылмыстар:
Аса ауыр қылмыстар:
Ауырлығы орташа қылмыстар:
Аталған өңірлерде ауыр қылмыстарымен өте ерекшеленетін аудандары да бар. Айталық, Алматы қаласында Алмалы ауданы ауыр қылмыстар жөнінен бәрінен асады. Мұнда ауыр және аса ауыр қылмыстарының өзі биылдыққа мың жарымға жуықтап тұр. Астанада бұл жағынан Алматы ауданы басқаларына дес бермейді. Ал Алматы облысында Қарасай ауданының ерекше статистикасымен өзге ешбір ауданы «тайталаса» алмайды. Қарағанды облысында ауыр қылмыс санатындағы істермен көп көзге түсетіні облыс орталығының өзі болып отыр.
Айта кетейік, жалпы қылмыс саны елімізде азайып келеді. Құқықтық статистика комитетінің 8 айды қорытындылаған есебінде Қазақстанда қылмыстың 15,2%-ға төмендегенін мәлімдеген еді. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 4,1%-ға, ауыр қылмыстар 16,5%-ға, ауырлығы орташа қылмыстар 17,9%-ға және онша ауыр емес қылмыстар 9,8%-ға кеміген.
Жалпы, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, барлық құзырлы органда ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр 91 433 қылмыстық іс өндірісте болған.