Елордада терезе, балкон және көше бойына мыңға жуық ту ілінді
Адамдарды күнделікті күйбең тірліктен алшақтатып, ойын бөлу керек, – дейді қала тұрғыны
Елорда тұрғындары Республика күніне орай ұйымдастырылған «Менің елім – менің туым!» челленджін өткізді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Астананың 5 ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына мыңға жуық ту ілінді.
Еріктілердің айтуынша, патриоттық шара жыл сайын өткізіледі. Бұл тек безендірілген үйлердің тұрғындарына ғана емес, елорда көшелерімен өтіп бара жатқан адамдарға да қуаныш сыйлайды. Астаналықтар бұл бастаманы жылы қабылдап, акцияға қосылды.
Мұндай көрініс ерекше әсер береді. Жұмысқа бара жатқанда осы көрініске көз жүгіртіп, көңіл күйім көтеріліп қалды. Меніңше, адамдарды күнделікті күйбең тірліктен алшақтатып, ойын бөлу керек, – деді қала тұрғыны Тамара Суворина.
Айта кетсек, қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б. Момышұлы даңғылдары, Сарайшық, Сығанақ, Достық көшелері, Республика, Ұлы дала даңғылдары және т.б.), жол бойында Қазақстан тулары ілінген. Акция әлі жалғасып жатыр.