ТЖМ басшысы қазақстандықтарға үндеу жасады
Министрлік ашық жұмыс форматына көшті
ТЖ министрі Сырым Шәріпханов сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі ашық жұмыс форматына көшкен. Министрлікте жүргізіліп жатқан трансформацияның басты бағыттарының бірі – жеке құрамның идеологиялық және тәрбие жұмысын ұйымдастыру.
Кәсіби әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында басшыларды ротациялау және министрліктің штаттық құрылымын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрлік басшылығына азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің сенім деңгейін арттыру үшін біз басқарудың барлық деңгейінде ашық және айқын коммуникация жүргізудеміз. Біз үшін әр жағдайды объективті бағалау және қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды. ТЖМ бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін биыл қазанда «Integrity check» қызметкерлерді адалдыққа тексеру пилоттық жобасы енгізілді. Жоба теріс пиғылды қызметкерлерді дер кезінде анықтауға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Министрлік басшысы «Integrity check» іске қосылғаннан бері ТЖМ қызметкерлерінің шоттарына белгісіз тұлғалардан қаражаттың аударылғаны туралы 17 хабарлама келіп түскенін жеткізді.
Біздің қызметкерлеріміздің 99,9%–ы өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, өз қызметін адал және абыроймен атқаратын адамдар екенін мақтан тұтамын. Алайда, қатарымызда теріс пиғылды қызметкерлер де болуы мүмкін екенін мойындаймын. ТЖМ азаматтық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын болады.
Сіздерді біздің қатарымыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикаға қатысуға шақырамын. Егер сіз төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қандай да бір сыбайлас жемқорлық сәттерін байқасаңыз, бізге міндетті түрде хабарлаңыз. Әр өңірдегі төтенше жағдайлар департаменттерінде тәрбие бөлімшелері құрылды. Сенім телефондары да бар. Олар арқылы да жүгінуге болады, – деді Сырым Шәріпханов.
Сондай-ақ министр өзінің 7 747 651 75 88 нөміріyt Whats Appжелісі арқылы, Instagram және Facebook-тегі жеке парақшаларына жазуға болатынын атап өтті. Сонымен қатар, Е-өтініш сервисі арқылы ресми өтініш жолдауға болады.
Біз адамдарға көмекке келетін қызметпіз. Сондықтан қоғамның бізге деген сенімі басымдыққа ие. Адамдарды құтқарудың игі ісінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді, – деп түйіндеді ол.