Түркістан театрында «Келіндер көтерілісі» сахналанады
Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады
Түркістан музыкалық драма театры кезекті III-ші маусымын Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша қойылатын спектакльдің премьерасымен ашады, деп хабарлады Halyq Uni.
Қазақ тіліне пьесаны аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, тіпті кино өндірісінде елеулі туындыға айналған шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын жойған жоқ. Бұл шығарма тұңғыш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы көрсетілді. Қазір қазақстандық театрлардың басым бөлігінің сахнасында Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклі қойылды десек қателеспейміз.
Қырық жылдан астам тарихы бар өзбек драматургінің «Келіндер көтерілісі» комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болады. Инсценировка авторы және режиссері – Дәурен Серғазин, көрші отырған екі мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта музыкалық комедия жасап шығарды. Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қана емес, жалпы қоғамда болып жатқан мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады.
Спектакльде рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының артистері және еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған артистер сомдайды. Рөлдерде ойнайтындар: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Хаджибаев және Мейірғат Амангелдин, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты артистері.
Сценографы – Олжас Дарубаев, хореграфы – Мадина Мұратбекова, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.
С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі»комедиялық қойылымының премьерасы 21-22 қазанда сағат 19:00-де басталады.
Осы спектакль премьерасына арналған Баспасөз конференциясы 18 қазан, сағат 15:00-ге жоспарланып отыр.
Байланыс үшін:
“Түркістан музыкалық драма театры”, Түркістан қаласы, Б. Саттархан көшесі, 4, Аружан Мұхтарқызы, тел.: +7 702 309 48 44, email: turkistannewtheatre1@gmail.com