«9 ай бойы тоңазытқышта жатқан». Бахрейнде жоғалған қазақстандық әйелдің денесі табылды
Ресми ақпаратты Сыртқы істер министрлігі де растады
Бахрейнде 32 жастағы қазақстандық әйел Диляра Мұхаммеджанова жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. Анасы мен оның туыстары «Көреміз» бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды Massaget.kz..
Туыстарының айтуынша, Бахрейнге 2022 жылы күзде жұмыс істеуге кеткен Дилярадан ақпан айынан бері хабар болмаған.
Күнде әлеуметтік желімен хабарласып тұратынбыз. 19 ақпаннан бастап іздеудемін, не жазбайды, не жауап бермейді. Бірнеше нөмірі бар еді, барлығы да өшірулі. Қызыммен жиі ұрсысып қалатын болдық. Бірақ тез татуласатын едік. Биоэенергетикалық массаж жасаумен айналысады. Ана тілінен бөлек орыс, ағылшын, түрік тілдерін біледі, - деді анасы Ардақ Қожамберлина.
Анасының айтуынша, қызы Бахрейнге жұмыс бабымен 3 жылдан бері келіп жүрген.
Қызым 8 жыл бұрын ажырасты, бір баласы бар. Сұлтан деген шетелдік жігіті бар. Ол туралы мағлұмат білмеймін. Бірақ содан күмәнданамын. Жалпы қызымның сол жақта қонақүйге тұратынын білемін. Алыс жер болғаннан кейін қорқамын, - деді анасы.
Сондай-ақ, екі жыл бұрын Диляраны анасы жындыханаға апарған.
Екі жыл бұрын енесі хабарласып, «үш күн болды, қызыңыз біздің үйде, ауырып, кіріп-шығып жүр» деп айтты. Содан кейін барсам, психологиялық тұрғыда ауытқып жүр екен. Медбике құрбыммен ақылдасып, жындыханаға апардым. «Егер жатқызбасаңыз, асқынып кетеді» деді. Сосын бір айдан соң жазылды да, Бахрейнге жұмысқа кетті, - деді ол.
«Көреміз» бағдарламасының іздеу нәтижесі бойынша Диляра Мұхаммеджанова Бахрейн Республикасында 2023 жылдың 16 ақпанда өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Марқұмның денесі 9 ай бойы мәйітхананың тоңазытқышында жатқан.
Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі де растады. Қазіргі уақытта марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілді.