×

Утильалым алынбайтын тауарлардың тізімі шықты

Тізімнен кабель-сым өнімдері алынып тасталды

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2023 | 16:25
Фото: kolesa.kz

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 13 қазандағы жарлығымен утилизациялық алым салынатын өнімдер тізімінен кабель-сым өнімдері алынып тасталды. Құжатқа басқа да өзгеріс енгізілген. Оның ішінде утильалымды есептеу әдістемесі де өзгерді.

Атап айтқанда, утилизациялық алымды есептеу әдістемесінен 3-пункт алынып тасталды. Бұл бөлімде кабель-сым өнімдері қалдығын жою үшін төленетін төлем көлемі есептелетін еді. Бұл өзгеріс министрліктің №283-жарлығымен енгізілген. Енді қандай тауарларға утильалым салынбайтынын айтсақ, елімізде өндірілетін немесе импортталатын өнімнің жекелеген түрлерінің тізбесінен оқшауланған сымдар (соның ішінде эмальданған немесе анодталған), кабельдер (соның ішінде коаксиалды кабельдер) және қосу құрылғылары бар басқа оқшауланған электр өткізгіштері, жеке қабықшалары бар талшықтардан тұратын талшықты-оптикалық кабельдерге утильалымдар салынбайды.  

Елімізде утильалым 2016 жылы енгізілген. Ол негізінен автокөлік және ауыл шаруашылығы техникаларына салынады. Одан басқа, утильалым салынатын өнімдер тізімінде резеңке және резеңке бұйымдары, аккумуляторлар, мұнай және химия өнімдері бар. Мұндай өнімдер қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін жинап, өңдеу және жою қосымша шығынды талап етеді. Енді көпшілік көлік пен ауылшаруашылығы техникасына утильалымды алып тастауды талап етіп жатыр.

Қазір көліктерге салынатын бұл «салықтың» мөлшері көлік санатына байланысты. 2022 жылдың ақпанында көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утильалым мөлшері 50% арзандады.

Бүгінде автокөліктерге, оның ішінде жол талғамайтын көліктер, сондай-ақ трактор мен комбайндар, ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты тариф – 50 АЕК (153 150 теңге).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама