Halyq Uni логотип
×

XIX Азиаданың қорытындысы: грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ескерту алды

Юрий Мельниченко жиынға қатыспады

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2023 | 15:51
XIX Азиаданың қорытындысы: грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ескерту алды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарының қорытындысы бойынша спорт түрлері федерацияларының есебін тыңдауға кірісті. Онда бірінші болып грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының, одан кейін су спорты федерациясының есебі тыңдалды.

Спорт түрлері бойынша федерациялардың есебін тыңдау одан әрі жалғасады. Ал бүгінгі жиында алдымен грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының өкілдері есеп берді. Жиында федерацияның өкілдері балуандардың Азиадаға дайындығы мен белдесулері туралы баяндады.

Есеп беру жиынына грек-рим күресінен бас жаттықтырушы Юрий Мельниченко қатыспады. Туризм және спорт министрі федерация басшылығына осы мәселе бойынша ескерту жасап, спортшыларымыздың нашар өнер көрсеткенін атап өтті. Ол спортшылардың әлсіз функционалды және физикалық дайындығына ерекше тоқталды.

Бірінші кезеңде күреседі. Ал екінші кезеңде демігіп қалады. Жеке дайындық бағдарламасы жоқ. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында медальға ілігеді  деген спортшылардың тізімін құрып, оларға толыққанды жағдай жасау қажет, – деді Ермек Маржықпаев.

Балуандардан кейін су спорты федерациясының өкілдері есеп берді. Су добынан еліміздің әйелдер құрама командасы қола медальді алып, алға қойған жоспарды орындап шықты.

Ерлер құрамасы Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары бола тұра финалға шыға алмады. Олар да қола жүлдені қанағат тұтты. Нәтижесінде ватерполшыларымыз 3-орын алса да Олимпиадаға берілетін  лицензиядан құр қалды.

Бас жаттықтырушы Дамир Темірханов Азиада басталмас бұрын команданың құрамы жартылай өзгергенін атап өтті.

Көптеген негізгі ойыншылар жасы келгендіктен ұлттық құрамадан тыс қалды. Жастар келді. Сол себепті  ішінара ойын өрнегі бұзылды, – деді ол.

Енді ұлттық құрамамыз алдағы әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасы үшін тағы жарысқа қатысады.

Министр суда жүзушілер есебіне қанағаттанарлық баға берді. Азиадада 2 медаль алу жоспары орындалды. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Илья Гусаков алдағы маусымға арналған бағдарламасын айтып, жоспарын ұсынды. Ол команда мүшелерінің орташа жасы 16-17 жас екенін және оларға үлкен үміт артатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама