Депутаттың дерегінше, елімізде қылмыстың 20%-ы құмар ойындардың кесірінен болады
Қазақстанда 700 мың оқушысы бәс тіккен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 8,4 млн азаматқа 18,1 трлн теңге несие берілген.
Осы азаматтардың арасында банк алдындағы қарызын 90 күннен кешіктірген (2 триллион теңге) адам саны – 1,8 млн адам. Бұл жағдай тек банк, қаржы ұйымдарына тиімді. Екінші деңгейдегі банктер несиені 20-58 пайызға дейін берсе, микроқаржы ұйымдары жылына 1000 пайызға дейін несие беріп бір пайда тапса, 2023 жылы 12,7 трлн теңгеге транзакция жасап, әр аударымға 1-3 пайызға дейін комиссия алған, - деді Руслан Берденов Мәжілістегі парламенттік тыңдауда.
Депутат алған несиесін төлемей жүрген лудомандар жайында да айтты.
«Олар бәс тігу үшін бәріне дайын. Несие алу, құқықбұзушылық, алаяқтық, тіпті ауыр қылмыс жасап жатыр. Еліміздегі 157 мың құқықбұзушылықтың 20%-ы немесе 31 мыңы құмар ойындар кесірінен жасалған, ажырасудың 38 пайызының себебі де құмар ойындарға қатысты. Ырысы төгілген отбасының ауыртпашылығына кім жауап бермек? Құмар ойынның соңы әр отбасыға қасірет болып, арты қайғылы оқиғаға соқтырып жатыр. Қайталап естеріңізге саламыз, 3 676 суицидтің әрбір бесіншісі құмар ойынына байланысты. Осы бизнестің құрбаны болғаны үшін жауапкершілікті кім алады?», - деді ол.
Сондай-ақ Руслан Берденов бәс тігетіндердің арасында мектеп оқушылары да барын айтты.
«Мектептегі 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы кемі бір рет болсын бәс тіккен. Бұл Қазақстандағы миллионнан аса құмар ойыншы санының одан да көп екенін көрсетеді. Бізді алаңдататыны – 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 млрд теңгеден 2022 жылы 553,6 млрд теңгеге дейін (35 есе) өскен. Бірақ салық төлемінің мөлшері өзгермей, сол 2017 жылғы деңгейде қалған.
Жауапты министрлік құмар ойындарының онлайн жүйесін жапқан жағдайда бюджетке түсетін салық көлемі азайып қалады деген негіздеме айтады. Ал негізгі мақсат салық болса, неге 2017 жылдан бері салық мөлшерін көтеру мәселесі айтылмаған?», - деді депутат.