Петропавл қаласы әкімдігі бір тұрғынға 85 млн теңгенің 5 пәтерін заңсыз берген
Артынша аталған пәтерлер үшінші адамдарға сатылған
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, тексеріс барысында жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдерін өткізу барысында пәтерлерді заңсыз ұсыну фактілері анықталған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, облыс орталығының бір тұрғынына жалпы сомасы 85 млн теңгеге заңсыз 5 жайлы пәтерді одан алынған жалпы құны 39 млн теңге болатын жер учаскелерінің орнына берген. Артынан аталған пәтерлер үшінші адамдарға сатылған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қадағалау органымен сотқа пәтерлерді сату-сатып алу мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілді. Соттың шешімімен прокурордың талабы қанағаттандырылды.
Бүгінде сот актісі заңды күшіне еніп, заңсыз алынған пәтерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Басқа жағдайда, қала тұрғыны Заңның 109-бабы талаптарын бұза отырып, құны 20,3 млн теңгенің жайлы пәтерін жекешелендіріп алған. Алайда өзі сол пәтерде тұрмаған. Салдарынан тұрғын үй қорынан мемлекеттің мүлкі заңсыз шығарылған. Аталған факті бойынша бүгінде Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, арнайы прокурорлармен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғаларымен рет-ретімен пәтерлерді ұсынғанда және тұрғын үй алуға кезекті түгендегенде жүйелі бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жіберілген бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр.