Биыл Ақмола облысында алтын өндіретін кеніштерге заңсыз кірген 3 барлаушы қаза тапқан
Шахталарға заңсыз кіргені үшін 4 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Биыл Ақмола облысында алтын өндіретін кеніштерге заңсыз кірген 3 барлаушы қаза тапқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Степногорск өңірінің аумағында «Алтыналмас» компаниялар тобына жататын алтын өндіретін кеніштер орналасқан. Заңда көзделген жауапкершілікке қарамастан, Степногорск аумағында жерасты шахталарына заңсыз кірудің көптеген фактілері анықталған.
Соңғы 5 жылда шахталарға заңсыз кіргені үшін ӘҚБтК-нің 506-бабы бойынша 4 мың 295 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде қайталап заң бұзған 480 адам, 3 реттен артық заң бұзған 100-ден аса азамат тартылды. Сонымен қатар, биыл шахталарда 3 заңсыз іздеушілер қаза тапты, – делінген прокуратура хабарламасында.
Мысалы, биыл бұрын осындай құқықбұзушылық жасаған заңсыз барлаушы жарылыс салдарынан қаза тапқан. Сондай-ақ соңғы 2 жыл ішінде күзетілетін объектіге заңсыз кіру бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіру ӘҚБтК-нің 506-бабы бойынша әкімшілік, сондай-ақ ҚР ҚК-нің 269-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін және аталған баптың санкциясы бойынша 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделгенін ескертеміз, – делінген хабарламада.