Алматы әкімдігі балабақша құрылысын сапасыз жүргізген компанияны сотқа бермек
Ерболат Досаев олқылықтары өте көп нысанды қабылдауға болмайтынын атап өтті
Алматы әкімдігі Айнабұлақ-4 шағын ауданындағы балабақша құрылысын сапасыз жүргізген компанияны сотқа береді. Бұл туралы Жетісу ауданын аралаған Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әкімдік Айнабұлақ-4 шағын ауданындағы балабақша құрылысының жобасын белгіленген стандарттар мен талаптарға сай жүргізбеген әрі сапасыз салған «АК Construction» ЖШС мердігер компаниясын сотқа беретін болды.
Жетісу ауданының Айнабұлақ-4 шағын ауданындағы 160 орындық жаңа мемлекеттік балабақша 1987 жылы салынып, кейін сүрілген әрі 10 жыл бос тұрған нысанның орнына салынып жатыр. Құрылыс қала басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың мамырында басталды. Әкім балабақшаны аралаған кезде құрылыс басқармасы басшылығының назарын құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстарын жүргізудегі кемшіліктерге аударды: қабырғалар сапасыз сырланған, көшедегі ойын алаңы бүлдіршіндерге бейімделмеген және т.б.
Ерболат Досаев олқылықтары өте көп нысанды қабылдауға болмайтынын, басты назарда сапа болуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ол қарамағындағыларға ақауларды қысқа мерзімде жоюды, ал міндетін жауапсыз атқарған мердігер ұйымды сотқа беруді тапсырды.
Бұған қоса, «АК Construction» ЖШС құрылыс жұмыстарын мерзімдерді бұзып (жұмысын биыл мамырда аяқтауы тиіс болған) жүргізген.