×

«Азовсталь» зауыты: украин сарбаздары құтқарылды (ФОТО, ВИДЕО)

Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр жаралы жауынгерлердің Ресейдің тұтқындарына айырбасталатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 17.05.2022 | 11:07
фотолар: reuters

Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытында қоршауда қалған жаралы украин сарбаздары құтқарылып жатыр.

Осыған байланысты Reuters агенттігі бірнеше фотосурет жариялады. Ақпаратты Украина қарулы күштерінің бас штабы растады.

Ұлыбританияның ақпарат құралы «Азовстальден»  600 жаралы жауынгер шығарылды деген хабар таратып та үлгерді. Ал Украинаның бас штабы зауыттан барлығы 264 адам шыққан, оның ішінде 53 жаралы сарбаздың бар екенін хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленский де ауыр жарақат алған отандастарының құтқарылып жатқанын айтып, видеоүндеу жолдады. Ол екі айдан бері қоршауда қалып, қорғаныс шебінде тұрған әскерилердің  Украина қарулы күштері мен барлау қызметінің, келіссөз тобының, Халықаралық Қызыл крест комитеті мен БҰҰ-ның арқасында құтқарылғанын атап өтті.

Жауынгерлеріміздің өмірін сақтап қалудың сәті түсті. Бізге Украина батырларының тірі болғаны керек. Бұл біздің принципіміз. Меніңше, мұны ақыл-есі түзу әрбір адам түсінеді,- деді ол.

Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, украиндар Новоазовск қаласына жеткізген. Бұл қала Ресейдің жағына шыққан сепаратистердің бақылауында тұр. Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі жаралы жауынгерлердің Новоазовскіге апарылатынын хабарлаған болатын. Ал қалған 211 адам гуманитарлық дәліз арқылы өз-өздері «Донецк халық республикасы» деген құрылымның бақылауындағы Еленовкаға алып кеткен.

Әзірше олардың тағдыры белгісіз болып тұр. Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі Мариупольдегі «Азовсталь» зауытының қоршауында қалған Украинаның жаралы жауынгерлерін эвакуациялау жөнінде Украинамен келісімге келгенін мәлімдеген еді. Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр осы сөзді растап, олардың Ресейдің тұтқындарына айырбасталатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама