Чемпиондар мен жүлдегерлер халықаралық жарыстарға, Әлем кубогының кезеңдері мен Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алады
Бүгін Астанадағы Alau мұз сарайында жекелей дистанцияда конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Чемпионат 2023-2024 жылдар аралығындағы жарыс маусымына спортшыларды іріктеу турнирі саналады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ересектер арасындағы және халықаралық жарыстарға, Әлем кубогының кезеңдеріне, сондай-ақ Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алады.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысып, турнирге келген спортшыларды құттықтап, жарысты ұйымдастыруға атсалысқандарға алғыс білдірді.
Чемпионатқа еліміздің 7 облысынан 183 спортшы қатысады. Олар – Абай, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, СҚО, ШҚО және Астана мен Алматының спортшылары.
Коньки жарысы қысқы спорттың басым түрлерінің бірі саналады. Сондықтан да біздің министрлік оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен, қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етумен, сондай-ақ Қазақстанда халықаралық және республикалық жарыстарды ұйымдастырумен, өткізумен белсенді айналысып келеді. Спортшыларымызға жарқын жеңістер тілеймін, - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Қысқы Олимпиадада барлығы 114 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Конькимен жүгірушілердің ұлттық федерациясына кіретін спорт түрлері – шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және конькимен сырғанау спорты бойынша 28 медаль жиынтығы қарастырылған.