Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында
Қазақстандағы әкімдердің рейтингі жол сапасы арқылы анықталады. Бұл туралы үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Қазір жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан астам нормативтік құқықтық актілер қайта қаралып жатыр. Өңірдегі жолдардың сапасы бойынша әкімдердің рейтингін анықтаудың әдістемесі әзірленген.
Одан бөлек, орындалған жұмыстардың сапасын бақылауды арттыру мақсатында «Көлік туралы» заң жобасы аясында кепілдік мерзімінде мердігерлермен тең дәрежеде авторлық және техникалық қадағалаудың бірлескен жауапкершілігі енгізілген.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жол саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар проблема барын айтты. Оның ең негізгісі – жолдардың, әсіресе, жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы.
Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында.