Сенатор теміржолшыларды зейнетке ерте шығаруды сұрады
Оларға тұрғын үй бағдарламасын да әзірлеу керек
Қазақстанда теміржолшылардың зейнет жасын 57-ге дейін төмендету керек. Бұл туралы cенатор Геннадий Шиповский айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттың айтуынша, елімізде теміржол саласын дамыту үшін Көлік министрлігі құрылған. Алайда жаңа ведомство теміржолшылардың жалақысының төмендігін, баспана алу және зейнет жасын төмендету мәселесін шешпеген.
Министрліктің мәліметінше, ең төменгі санаттағы байланыс және дабыл мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың, Қызылордада 354 мың, ал ең төменгі санаттағы теміржолшының жалақысы Абай облысында 280 мың және Павлодар облысында 280 мың теңге екен. Алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді, - деді Геннадий Шиповский Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депуттатық сауалында.
Сенатор өңірлердегі теміржолшылардан ақпарат алғанын, олардың жалақысы өте төмен екенін айтты.
Ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде шамамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы жол жөндеушінің жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңге болады. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпараттың екеуі екі түрлі. Әрине, біз халықтың ақпаратына сенеміз, - деді депутат.
Бүгінде теміржол саласында 140 мыңға жуық адам жұмыс істеп жүр. Геннадий Шиповскийдің пікірінше, олардың мәселесін шешу экономикаға да оң әсерін тигізеді.
«Біріншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескеріп, темір жол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек.
Екіншіден, теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпоративті келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету қажет.
Үшіншіден, теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек. Сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуға тиіс», - деді сенатор.