Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің бюсті ашылды
Батырдың құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш тақта да орнатылды
Бүгін – Құтқарушылар күні Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің бюсті ашылды. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, қаһарманның ерлігі мәңгі есте сақталатынын айтты.
Оның жанқиярлық әрекеті, қаһармандығы мен батылдығының арқасында адамдар құтқарылды. Асқар Забикулиннің ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді ол.
Бюст №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бекетінің аумағында орналасқан. Сол сияқты, батырдың құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.
Құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сіздер мыңдаған адамның өмірін ажал аузынан құтқарып қалдыңыздар. Сіздердің мамандықтарыңыз үлкен құрметке ие әрі қауіпті. Бәріңізге қызметтен ылғи да аман-есен оралуды тілеймін! – деді қала әкімі.
Еске сала кетсек, 2022 жылғы 16 қарашада «Қаһарман» тұрғын-үй кешенінде өрт шығып, соның салдарынан пәтерлерде және саты алаңдарында болған азаматтар өз бетінше ғимараттан шыға алмай қалған еді. Сол кезде өрт сөндірушілер адамдарды құтқаруды таңдап, Асқар Забикулин 12-қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны көмегімен жанып жатқан пәтердің (11-қабатқа) терезесінен түсті. Асқар Забикулин пәтердегі зардап шеккен 2 адамды әріптестері бұзған кіреберіс есігі арқылы алып шықты. Содан кейін ол көрші пәтерге жүгіріп кіріп, өз бетінше қалың түтіннен шыға алмай отырған 10 жастағы баланы тауып алып, құтқарған болатын.
Дегенмен ол басқа адамдарды құтқарса да ауруханада өмірі үшін бірнеше күн күресіп, 2022 жылғы 20 қарашада көз жұмды.
Қызметтік борышын орындау және адамдар өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен өз ісіне берілгендігі үшін азаматтық қорғау капитаны Асқар Серікұлы Забикулин Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Одан кейін Астанадағы Құтқарушылар саябағында марқұмға арналған естелік тақта орнатылды. Нұра ауданында көшенің аты берілді. Асқар Забикулиннің отбасына оқуға түсуге грант бөлінді.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Асқар Забикулиннің балаларына орта мектепті бітіргеннен кейін кез келген бакалавриат мамандығында жоғары оқу орнының грантында оқуға мүмкіндік беретін болды.
Сондай-ақ Асқар Забикулиннің балалары 2023 жылы жазда университеттің жатақханасында тұрып, IT-лагерьге және жазғы тілдік мектепке қатыса алады. Ал зайыбы Әнел Забикулина үшін «Адам ресурстарын басқару» мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді.
Қазір Асқар Забикулин туралы фильм түсіріліп жатыр. Ол «Қаһарман» деп аталады.