Halyq Uni логотип
×

Елімізде Қытай көліктеріне деген сұраныс күрт артқан

Биылдың өзінде көрші елден 17 мыңға тарта көлік әкелініпті

 Еркеғали Болатұлы 19.10.2023 | 11:25
Елімізде Қытай көліктеріне деген сұраныс күрт артқан
фото: Halyq Uni

Қазір Қазақстанда қытайлық көлікке сұраныс артқан. Мамандар мұны түрлі себеппен байланыстырады.

Бастысы жаңа көліктің бағасы біздегі брендке айналған Toyota мен Mersedes-тің ескілерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан әрі «ақылды үй» сияқты заманауи технологиямен жабдықталған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Сондықтан кілтипаны көп көне көлікті жөндеп әуре болғанша, жұрт жаңасын мінгісі келеді. Ал еліміздегі 4,5 млн-ға жуық көліктің жартысына жуығы ескі.

Біреуінің атауын жаттап үлгірмей жатып, көліктің келесі жаңа түрін ұсынатын Қытай қазір талғампаз тұтынушының қалауынан шығып тұр. Бұған отандық автоөндірістің ішкі нарықты қамтып үлгірмей жатқаны да түрткі. Сарапшылардың айтуынша, тың технология үшін бағаны өсіретін еуропалық өндірушілердің өзін артта қалдырған Қытайдың қазіргі көліктері жылжымалы гаджет секілді.

Олар бір көрмеге 1,5 мыңдай модель әкеледі. Енді бірнеше жылда бүкіл әлемнің автонарығында қытай көліктері болатын сияқты. Адамдар бұрынғыдай оның қозғалтқышының шойын болғанына, шанағының антикоррозиялық өңдеуден өткеніне көп қарамайды. Жайлылығына, технологиясына қарап алып жатыр, - дейді сарапшы Нұрлыбек Рахман.

Бір ғана Орал қаласының өзінде Қытайдан әкелінген көліктің 40-50 түрін сататын 6 автосалон бар. Олардың қатары әлі де көбеймек. Өйткені 4 пайыздық жеңілдік бұйыртпай, өкпелегендер осы көліктерге әуес.

Жұмасына бір автовоз келіп тұрады. 6 машинаны біз 2-3 күнде сатып үлгеріп жатырмыз. Сапасы өте керемет, бұрынғы қытай көліктеріне қарағанда жақсартылған, - дейді автосалон басшысы Ерлан Бекесов.

Биылдың өзінде көрші елден 17 мыңға тарта көлік әкелініпті. Бұл былтырғыдан 30 пайыз көп.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама