Палестинаны жақтаушылар АҚШ Конгресінің ғимаратына басып кірді (ВИДЕО)
Наразы топ Израильдің Газа секторын бомбалауын тоқтатуды талап етті
АҚШ-тың Палестина автономиясын жақтаушы азаматтары Конгрестің ғимаратына басып кірді.
Eadaily.com-ның хабарлауынша, олар Капитолийге кірген бетте Израильдің Газа секторын бомбалауды тоқтатуын және оған Құрама Штаттарының қолдау көрсетпеуін талап етті.
Бұл акцияны Jewish voice for peace ұйымының ұйымдастырғаны белгілі болды. Полиция наразы топты ұстап, учаскелерге әкетіп жатыр.
Палестинаны қолдау акциясы Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың штаб-пәтері алдында да болды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, белсенділер халықаралық қауымдастықтан Палестинаны бомбаламауды талап еткен.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы ахуал жөнінде Ресей ұсынған қарар жобасын қабылдаудан бас тартқан еді. РФ соғыс іс-қимылдарын тоқтатып, палестиндіктерге шұғыл көмек беруге шақырды. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің бұл ұсынысынан бас тартты.
Қазір Газа секторындағы жағдай одан сайын ушығып, Израиль бомбалауды жалғастырып жатыр. Египет пен Израильдің шекарасы жабылды. Ол жерде гуманитарлық көмек тиелген көліктер бірнеше күннен бері шекарадан өте алмай тұр.