«Ауыл» партиясының жаңа басшысы сайланды
Съезде қаралған басты мәселе жаңа төрағаны сайлау болды
Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс өткен XXIII съезінде Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев бірауыздан төраға болып сайланды. Съезге партияның барлық 20 өңірлік филиалдарынан делегаттар қатысты.
«Съезде қаралған басты мәселе жаңа төрағаны сайлау болды», – делінген «Ауыл» партиясының хабарламасында.
Парламент Мәжілісіндегі «Ауыл» саяси фракциясының партиямыздың сайлауалды бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ мемлекет басшысының депутаттар алдына қойған міндеттерін орындау жөніндегі жұмысын жандандыру қажет. Осыны ескере отырып, Мәжілістің сайланған депутаттары арасынан партияның жаңа көшбасшысы болуға тиіс деп санаймын, - деді Әли Бектаев жиында.
Ал өзі Парламент Сенатындағы жұмысына баса көңіл бөлетінін жеткізді.
Партияның жаңа төрағасы Серік Егізбаев 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Ауыл шаруашылығы саласында және мемлекеттік басқару органдарында практикалық тәжірибесі бар.
«Ауыл» партиясы биылғы сайлау қорытындысы бойынша, Парламент Мәжілісінде 8 депутаттық мандатқа ие болған елдегі ең ірі саяси күштердің бірі болды.