Қақтығыс басталғалы бері екі тараптан 4 мыңнан астам адам қаза тапты
ХАМАС Израильге биылғы 7 қазанда шабуыл жасады. Алдымен Газа секторынан Израильге бес мыңға жуық зымыран атып, кейін ХАМАС содырлары елге шабуыл жасай бастады. Олар 14 елді мекенге кіріп, бейбіт тұрғындарды да, әскери қызметшілерді де кепілге алды.
ХАМАС Израильге қарсы әскери операцияны «әл-Ақса тасқыны» деп атады. Әл-Ақса – Иерусалимдегі Храм тауында орналасқан мешіттің атауы. Бұл жер көбінесе еврейлер мен палестиналықтардың арасында дау туғызады, өйткені ол мұсылмандар үшін Мекке мен Мәдинадан кейінгі қасиетті орын болып саналады. ХАМАС басшылығының пікірінше, Израиль аталған мешітті «қорлаған», шабуылдың басты себебі – осы. Сонымен қатар 2023 жылы Израиль әскерлері жүздеген палестиналықты өлтірген немесе жаралаған, сондай-ақ тұтқындарды өзара айырбастаудан да бас тартып отыр.
Kazinform жазуынша, әлемдік БАҚ-та бұл шабуыл Израиль барлау қызметі үшін күтпеген жағдай болғаны туралы жазылды. Алайда кей сарапшылар оның мүмкін емесін айтып отыр. ХАМАС шабуылына жауап ретінде Тель-Авив Газа секторында лаңкестікке қарсы «Темір қылыш» операциясын бастады. Ал 8 қазанда Израиль үкіметі елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлады.
Баспасөздегі ақпараттарға сүйенсек, ХАМАС содырлары мен «Исламдық жиһад» тобы көптеген израильдікті тұтқынға алған. Сонымен бірге ХАМАС Газа секторына жасалған әрбір шабуылға жауап ретінде бір тұтқынды өлім жазасына кесеміз деп қорқытып отыр. Катар мен АҚШ кепілге алынғандарды босату үшін аталмыш топпен келіссөз жүргізе бастады.
Соңғы мәліметтер бойынша, Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы бері екі тараптан 4 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы 15 мыңға жуығы жарақат алды.
Палестиналықтар 1967 жылғы алты күндік соғысқа дейін болған шекараны қайтаруға ниетті. Палестина Иордан өзенінің Батыс жағалауында және Газа секторында өз мемлекетін құрып, Шығыс Иерусалимді астанасы еткісі келеді. Ал Израиль бұл шарттан бас тартып отыр.