Halyq Uni логотип
×

Астанада Палестина елшілігіндегі ту төмен түсірілді

Иордания АҚШ президентінің қатысуымен болатын саммитті өткізуден бас тартты

 Дастан Жұмабекұлы 18.10.2023 | 17:42
Астанада Палестина елшілігіндегі ту төмен түсірілді
Фото: Azattyk.org

Астанадағы Палестина елшілігінде Газа секторындағы жарылысқа байланысты ту төмен түсірілді.

Елшіліктің ғимаратына келіп, Палестина халқына көңіл айтып жатқандар бар. Елшіліктің алдындағы ту жанына гүл шоқтары қойылған.

Бүгін түнде Газа секторындағы ауруханада болған жарылыстан 800-ден астам адам қаза тапқан. Палестина автономиясының жетекшісі Махмұд Аббас қайғылы оқиғаға байланысты 3 күн қаралы күн жариялады. Қаралы күн Иран, Ирак пен Ливанда да жарияланды.

Газа секторындағы жарылысқа байланысты Иордания 18 қазанда АҚШ президенті Джо Байден қатысады деп жоспарланған төртжақты саммитті өткізбейтін болды. Бұған дейін Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас та саммитке қатысудан және АҚШ президентімен кездесуден бас тартқан болатын. Саммитке Байден мен Аббастан басқа, Египет президенті Абдел Фаттах әл-Сиси мен Иордания королі Абдалла II қатысады деп хабарланған еді. Джо Байден саммит болмаған соң, Израиль премьер-министрі Бенямин Нетаняхумен кездесті.

Тель-Авивте Құрама Штаттардың президентін Израиль Үкімет басшысы ұшақтың трапынан қарсы алды. Осы жерде Байден мәлімдеде жасады.

Газадағы ауруханаға Израиль соққы жасаған жоқ. АҚШ кеше де, бүгін де, ертең де Израильдің жағында болады, – деді ол.

Израиль әскерилері Газа секторындағы ауруханада болған жарылысты ЦАХАЛ емес, «Исламдық жиһад» жасаған деп мәлімдеді. Оған дәлел ретінде видео ұсынды. Израиль қорғаныс армиясының ресми өкілі Даниэль Хагаридың айтуынша, сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 18:15-те ауруханадағы жарылыс алдында ХАМАС тобы Израильге ракета атқан. Сағат 18:59-да «Исламдық жиһад» тобы жақын маңдағы зираттан шамамен 10 зымыран ұшырған. Сол кезде Газадағы ауруханада жарылыс болғаны туралы хабарлама түскен.

«Исламдық жиһад» тобы бұл ақпаратты жоққа шығарып, Израиль мәлімдемелерін жалған деп хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама