Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарының бұзылғанын байқамаған
Павлодар облысының прокуратурасына Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен жергілікті прокурорларды адал жұмысы үшін көтермелеу туралы хат келген.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, өткен жылы ЖШС-нің бірі Павлодар аумағына 20 тонна көлемінде «Зебра чип» (Candidatus Liberibacter solanacearum) карантиндік объектісін жұқтырған тұқымдық картоп түйнектерін жеткізген.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ЖШС-нің іс-әрекетінен өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарының бұзылғанын байқамай, іс бойынша өндірісті тоқтатқан. Ал Павлодар прокурорының міндетін атқарушы Әсет Сәттібаевтың апелляциялық өтініші бойынша облыстық сот бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жойған.
Нәтижесінде компанияға ҚР ӘҚБтК 400-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 30 АЕК (87 510 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды және өнімдер тәркіленді.
Кейін Жоғарғы соттың сот алқасы прокуратураның тұжырымдарымен келісіп, облыстық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған. Сөйтіп, прокуратура органдарының араласуы нәтижесінде «ауру жұқтырған» картопты сатуға жол берілмеген.