Палестина басшысы Махмуд Аббас АҚШ президенті Джо Байденмен кездесуден бас тартты
Бүгін түнде Газа секторындағы Al Ahli ауруханасына бомба түсті. Қолда бар дерекке қарағанда, қаза тапқандар саны 800 адамнан асты. Жаралағандар саны одан да көп.
Al Ahli – Газа секторындағы баптистердің ауруханасы. Осы жерде Израиль әскерінің бомбалауынан жараланған адамдар емделіп жатқан еді. Медициналық мекемеде емделіп жатқандардың арасында әйелдер мен балалар өте көп болған.
Бүгін түнде ауруханадағы жарылыстан солардың көбісі қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты ХАМАС пен Израиль бір-бірін айыптады. ХАМАС жарылысқа Израиль мен АҚШ кінәлі деп мәлімдеді. Осы ұйымның басшысы Исмаил Хания Газадағы «Әл-Ахли» ауруханасына жасалған соққыға тікелей Америка Құрама Штаттары кінәлі екенін айтты. Ал Израиль премьер-министрі Нетаньяху: «Газа секторындағы ауруханаға жабайы лаңкестер шабуыл жасады. ЦАХАЛ емес. Біздің балаларды өлтіргендер өз балаларын да өлтіріп жатыр», деп мәлімдеме жасады.
Израиль армиясының баспасөз қызметі де соққыны қарсы жақтың өздері жасағанын айтты.
Соққыны біз жасаған жоқпыз, оны «Ислам жиһады» ұйымы жасады. Зымыран аурахана жақтан ұшырылған. Бірақ сәтсіз ұшырылды. Содан ол ауруханаға түсті, – деп хабарлады.
Осыдан кейін ауруханадағы жарылысқа байланысты Иордания, Иран, Түркия, Пәкістан бастаған көптеген елде Израиль елшіліктері алдында наразылық басталды. Тіпті, Иорданияның астанасы – Амманда Израиль елшілігі ғимаратына шабуыл жасалған.
Түркия президенті Режеп-Тайып Ердоған бұл соққыға Израильді айыптап мәлімдеме жасады. Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігі де Израильді бүгінгі ауруханаға жасаған соққысы үшін айыптады.
Соңғы дерекке қарағанда, қазір Түркия, Иран, Палестина, Тунис, Ливан, Ирак, Иордания мен басқа елдерде Израиль елшіліктері алдында ереуілдер болып жатыр. Ереуілдер Еуропаға да жетті. Германияның астанасы – Берлинде де ауруханаға жасалған соққыға қатысты, Палестина туын көтерген акция өтті.
ХАМАС Газа секторындағы жарылысқа байланысты бүкіл елдерді бас көтеруге шақырды. Ал Түркияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Израиль азаматтарының тез арада елден кетуін талап етті.
Израиль азаматтары Түркиядан тез арада кетуі керек. Ертең немесе арғы күні шетелдіктерге қастандық жасалса жағдай өте қиын болу мүмкін. Біз Израиль азаматтарын ескертіп отырмыз, – делінген кеңестің хабарламасында.
Ауруханадағы жарылыстан соң, Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас АҚШ президенті Джо Байденмен кездесуден бас тартты. Палестинада адамдардың қазасына байланысты үш күн қаралы күн жариялады. Аббас пен Байден бүгін Иорданияда кездесуі керек еді. Одан кейін Байденнің сапары Израильде жалғасатын болған. Осыған байланысты Израиль Газа секторына шабуыл жасауды тоқтатанын мәлімдеді.
Қазір Байденмен кездесуге араб елдері құлықты болмай тұр.