Жәбірленуші мен күдіктінің таныстығына бір жылдай уақыт болған
Көлігін заңдастырамын деген ақмолалық азамат танысына алданып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 14 қазанда Қосшы қаласының полиция басқармасына 42 жастағы жергілікті тұрғыннан өзін 21 тамызда Асылхан есімді жігіттің алдап, 3 млн 300 мың теңгесін иемденіп алғаны туралы арыз түскен. Осы фактіге қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Жәбірленуші мен күдіктінің таныстығына бір жылдай уақыт болған. Әңгімелесу кезінде алаяқ жәбірленушіге өзінің шетелдік көліктерді заңдастыруда проблемалары бар адамдарға көмектесетін танысы барын айтқан. Жәбірленуші шетелдік көліктерді заңдастырумен таныстарына көмектескісі келіп, олардың барлық ақшасын алаяққа санап берген. Ал осы жылдың тамызынан бастап алаяқ жәбірленушінің қоңырауларына жауап беруді тоқтатқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Қарағанды қаласының 34 жастағы тұрғынын анықтады. Оның осы алаяқтыққа қатысы тексеріліп жатыр.