Halyq Uni логотип
×

Астана әуежайы Біріккен Араб Әмірліктері компаниясының басқаруына берілді

Шетелдік инвестормен келісімге қол қойылды

 Дастан Жұмабекұлы 18.10.2023 | 09:31
Астана әуежайы Біріккен Араб Әмірліктері компаниясының басқаруына берілді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде шетелдік инвестор – БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Terminals Holding компаниялар тобы – Азия мен Африканың ірі нарықтарында тұтынушыларға қызмет көрсететін, сондай-ақ Abu Dhabi Ports ірі портты және өнеркәсіп компаниясымен байланысты қарқынды дамып келе жатқан авиациялық кәсіпорын.

Инвестор Астана халықаралық әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейін жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады.

Инвестордың бірінші кезектегі міндеті – ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға және оны одан әрі жаңғыртуға дайындау. Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымын күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр, – делінген primeminister.kz-тің хабарламасында.

Сонымен қатар мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болатын әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленетін болады.

Көлік министрлігі Terminal Holding компаниясымен ынтымақтастықты нығайту мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі әуежайларды мультимодальді орталықтар ретінде дамыту жөніндегі белгіленген міндеттерді іске асыруға елеулі үлес қосатынын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама