Алименттен жалтарған 2 мыңға жуық адам іздестіріліп жатыр
Іздестіруде жүргендердің көбі – 31-40 жас аралығындағылар
Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, іздеудегі адамдардың ішінде ерлер – 1 мың 476, әйелдер – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі – 31-40 жас аралығындағылар.
Іздеуден жүргендердің көп бөлігі:
- Астана қаласы – 361;
- Алматы қаласы – 191;
- Ақтөбе облысы – 143;
- Қостанай облысы – 140;
- Жамбыл облысы – 140;
- Павлодар облысы – 108;
- Алматы облысы – 102;
- Маңғыстау облысы – 59 адам.
2023 жылдың 9 айында СДТБТ-да алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілері бойынша 427 қылмыстық іс (Қылмыстық кодекстің 139-бабы) тіркелген.
Өңірлер бойынша мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың ең көп бөлігі:
- Маңғыстау облысында – 46;
- Алматы облысында – 45;
- Қостанай облысында – 44;
- Шығыс Қазақстан облысында – 43;
- Павлодар облысында – 40;
- Қарағанды облысында – 35;
- Абай облысында – 32;
- Ақмола облысында – 26;
- Солтүстік Қазақстан облысында – 21;
- Астана қаласында – 17.
Осы кезеңде Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 207 адам сотталды. 4-еуі бас бостандығынан айырылса, 2-еуі шартты түрде сотталды, ал 196-сының бас бостандығы шектеліп, 5-еуі қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Жалпы алимент бойынша сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіріп алу туралы 309 мың 670 атқарушылық іс орындауда болды. Бұл ретте балаларға ғана емес, ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға алимент өндіріп алынады.
- 291 мың 886 атқарушылық іс балаларды күтіп-бағуға арналған алимент бойынша;
- 773 атқарушылық іс еңбекке қабілетсіз ата-аналарын күтіп-бағу;
- 4 мың 506 атқарушылық іс еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағу өндірістері болды.