Тоқаев бүгін 69 жасқа толды: Президент туған күнін қалай атап өтеді
Мемлекет басшысы 69 жасқа толды
Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 69 жасқа толды.
Осыдан екі жыл бұрын ҚР президентінің сол кездегі баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының туған күнін қалай атап өтетінін жазған еді.
«Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді. Тіпті, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды. Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған», - деп жазды парақшасында Берік Уәли.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. Әкесі – Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. Шешесі – Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен.
Қ.К.Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институт бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей федерациясы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын тәмамдады.
Ақорда сайтындағы мәліметке сүйенсек, Мемлекет басшысы ажырасқан. Ұлы бар – Тимур Тоқаев.