Halyq Uni логотип
×

Петропавлда футбол алаңында 18 жастағы жігіт қайтыс болды: әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады

Оқыс оқиға футбол клубының кезекті жаттығуы кезінде болған

 Халық үні 17.10.2023 | 23:07
Петропавлда футбол алаңында 18 жастағы жігіт қайтыс болды: әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады
Фото: allsport-news.net

Петропавлда жаттығу кезінде жан тапсырған жас футболшының өлімі жан-жақты тексеріліп жатыр. Оқиға туралы футбол орталығының басшысы айтып берді, деп хабарлады КТК арнасы. 

«Ешкім де бұндай оқыс жағдайды күткен жоқ. Бала допты айналдырып жаттығып жүрген. Аяқ астынан есінен танып құлапты. Осылай деп жаттықтырушы айтты. Футбол алаңында бұрын-соңды дәл осындай жағдай болып көрмепті», – дейді «Қызылжар» футбол орталығының басшысы Вячеслав Колода.

Оқыс оқиға футбол клубының кезекті жаттығуы кезінде болған. Рауан Мұхтаров доппен ойнап келе жатып, кенеттен құлап түскені сол жердегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қазір осы бейнежазба тергеушілердің қолында. Сондай-ақ, камераға Рауанның кеудесіне доп тигені де жазылып қалған. Бірақ жас спортшы еш ауырсынбай әрі ойнап кете барған. Дегенмен оның өліміне осы соққы себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Футболшының нақты неден көз жұмғаны әлі анықталып жатыр. Белгілісі, жедел жәрдем оқиға орнына төрт минутта келіп, оны облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Ақ халаттылар Рауанның өмірін сақтап қалу үшін екі сағат күрескенімен, көмектесе алмапты. Жасынан бокспен айналысқан Рауан бұл клубқа биыл маусым айында келген. Марқұм жоғары кәсіби педагогикалық колледжінің студенті.

«ҚР Қылмыстық Кодексінің 001-бабы «Адамның қайтыс болуы» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сот медициналық сараптама тағайындалды. Істің барлық мән- жайын зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – дейді СҚО полиция департаменті баспасөз қзметінің ресми өкілі Нұрбек Баекин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама