Террорист түні бойы скутерімен көше аралап, таң ата ғана ұсталған
Бүгін Брюссель қаласында автоматпен қаруланған белгісіз адам халыққа оқ атқан. Ол скутерге мініп, көшеде алдынан кездескен адамдарға оқ жаудырып, екі ер адамды өлтіріп, бір әйелді жаралаған.
Атыс футболдан Бельгия мен Швеция елдерінің ұлттық құрама командаларының матчы кезінде болған. Қаза тапқан адамның екеуі де Швеция құрамасының жанкүйерлері болып шықты.
Көшедегі атысқа байланысты матчтың бірінші таймы ғана болып, ойыншылар екінші таймға шыққан жоқ. Террорист түні бойы скутерімен көше аралап жүрген. Ол тек таң ата дәмханалардың бірінде ұсталған. Сол жерде полицейлер оның көзін жойған.
Бельгия БАҚ-ның хабарлауынша, террористтің жасы 45-те болған. Ол қызғылт сары бешпет киіп, атыс алдында өзінің ДАИШ ұйымының мүшесі екенін және мұсылмандар үшін кек алатынын айтып, Швеция командасының жейдесін киген екі ер адамды атып тастаған. Бір әйелді ауыр жаралаған. Содан кейін ол оқиға орнынан кетіп, Калашников автоматын ұстап, қала көшелерін аралаған. Ал полиция күдіктінің ізіне түсіп, оның үйін тінткен. Бірақ оның Схарбек коммунасындағы үйінен (Схарбек – Брюссель қаласының 19 коммунасының бірі) қару-жарақ табылмаған.
Террорист Схарбекте тұрған. Аты – Абдесәлем. Ол Бельгияға заңсыз келген. Шамасы, Тунистен келген болуы керек, – делінген жергілікті БАҚ-та.
Лаңкес бұрын да сотталған көрінеді. Ол терроризм бабы бойынша бас бостандығынан айырылып, бірнеше жыл түрмеде отырып шыққан.