АҚШ-тан Израиль жағалауына 2 мың теңіз жаяу әскері аттанды
Бұл әскери күштер әлеуеті Иран мен Ливанның «Хезболла» тобына тосқауыл қою туралы сигнал жіберу үшін керек
АҚШ Израиль жағалауларына 2 мың теңіз жаяу әскерінен құралған жедел әрекет ету тобын жіберіп жатыр. Бұл туралы CNN телеарнасына Америка қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлаған.
Телеарна мәліметінше, Пентагон АҚШ әскери күштерін Таяу Шығыста Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың күшеюіне жол бермеу және Иран мен Ливанның «Хезболла» тобына тосқауыл қою туралы сигнал жіберу үшін әлеуетті орналастыруға дайындайды.
Теңіз жаяу әскерлері Израильге жақын жерде жиналып жатқан әскери-теңіз күштеріне қосылады, - делінген материалда.
Бұған дейін АҚШ «Дуайт Эйзенхауэр» және «Джеральд Р.Форд» әуетасымалдаушыларын Жерорта теңізіне, Израиль жағалауына жіберген болатын.
Тағы бір мәліметке сүйенсек, Америка билігі бұдан да ауқымды аймақтық қақтығыстың алдын алу үшін Таяу Шығыстағы атыс күшін 2 есе арттырып жатқан көрінеді.