«Кісі өлтірсем де сотталмаймын деп келді»: қоғам қайраткері Назарбаевтың жақындары туралы айтты (ВИДЕО)
Экс-министр Назарбаевтың туыстары заңға бағынбағанын айтады
Қоғам қайраткері әрі белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында Назарбаев отбасының қалай бизнес жасағанын және оның ел экономикасына келтірген зияны жайында айтты.
«Мысалы сіз инвестор ретінде шетелден үлкен қондырғы алып келіп, үлкен зауыт ашқыңыз келеді. Дәл сондай зауытты «семьяның» мүшелері де салғысы келеді. Сіз қондырғыны шетелден алып келгенге өте көп салық төлейсіз, ал олар салық төлемейді. Сосын өндірісті бастағаннан кейін бірінші күннен бастап сіздің артыңызда салық инспекторлары жүреді, жаныңызды қоймай, барлық тиісті салықты төлетеді. Ал жаңағы заттарды арзанға алып келген, шикізаттың барлығын арзанға алып келіп жатқан беделді топтың өкілдері салықтың ешқайсысын төлемейді. Сонда сіз бизнесіңізді қалай дамытасыз? Ананың шығарып отырған заты сізден екі есе арзан болады. Екеуіңіз нарыққа барған кезде сіз жұмыс істей алмайсыз», - деді Жақсыбек Құлекеев.
Өз кезегінде бұндай әділетсіздік Нұрсұлтан Назарбаев өзі сынаған масылдыққа алып келді дейді экономист.
«Отбасының (Назарбаев отбасы) жасап отырған нәрсесі – біздің қоғамда бәсекелестіктің, кәсіпкерліктің дамуына өте үлкен зиян тигізген зат. Біз заңды түрде елбасының айналасындағы отбасы мүшелерінің барлығын заңнан жоғары қойдық. Олар заңға бағынған жоқ. Оның барлығын заңдастырып қойдық біз. Олар айтады: «мен адам өлтірсем де сотталмаймын», - деп. Соның бер жағында салық төлемеу деген не? Олар заңнан жоғары болғаннан кейін әділетті қоғам болуы мүмкін емес», - деп пікір білдірді ол.