Ол мұндай әрекетке қызғаныштан барған көрінеді
Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 15-тегі жасөспірім қызды 23 жастағы жігіт жауыздықпен 6 жерінен пышақтап, соққыға жыққан. Қыз қансырап жатқан күйінде үйінің жанынан табылған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті-кездесіп жүрген жігіті. Ол мұндай әрекетке қызғаныштан барған көрінеді. Зардап шегуші қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Науқасқа шұғыл ота жасалды. Операция кезінде байқағанымыз оң жақ бауырының зақымдануы, асқазанының зақымдануы, үлкен іш майының зақымдануы, үлкен іш майының тамырларының зақымдануы және париталды брюшинаның зақымдануы байқалды. Операция шұғыл түрде жасалынып, қазіргі кезде науқастың жағдайы бірқалыпты ауыр, - дейді Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі.
Оқиғаға қатысты тексерулер тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 24-ші бабының үшінші бөлігі, 99-бабының екінші бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. Жедел іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары 23 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, - дейді Жамбыл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалым Нриаманұлы.