×

«Түрмеден шыққанымда үйіне шақырды»: Құлекеев Тоқаевпен қарым-қатынасы жайлы айтты (ВИДЕО)

Құлекеев Тоқаевты не үшін досым деп айта алмайтынын түсіндірді

Бұрынғы Экономика және сауда, Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екеуінің арасындағы қарым-қатынасы туралы айтты. 

«Мен түрмеден шыққан уақытта қазақ болған соң, әрине, жақын туыстарым, айналам шақырып, шай беріп жатты. Ал бұрынғы қызметтес болғандардың ішінде үйіне шақырып, бірінші шай берген азамат – Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол кезде Тоқаев Сенат төрағасы еді. Түрмеден шығып келген мені үйіне шақырып, дастархан жайды. Екеуміз кешкі сағат 6-дан түнгі 2-3 ке дейін ұзақ отырып әңгімелестік. Содан кейін мемлекет мәселелері, қабылданып жатқан шешімдер бойынша пікірімді сұрады. Кетіп бара жатқанымда маған «Жәке, осы айтқандарымды маған жазып берші» деді. Сосын екі-үш күн отырып, 20-30 парақ қағаз жазып бердім. Анда-санда шақырып тұрады. «Сенің жазғандарыңды әлі тастамай оқып жүрмін» деп айтады. Ол, әрине, менің көңілімді аулап айтқан болуы мүмкін. Дегенмен де ондай нәрселер маған қуат беріп жүрді десем, артық айтқандық емес», - деп пікір білдірді экономист. 

Бірақ Құлекеев Тоқаевты досым деп айта алмайтынын түсіндірді.

Президентті досым деп айту этикалық тұрғыда дұрыс емес. Егер ол кісі айтатын болса, мен үшін үлкен мақтаныш болар еді. Себебі қызметі төмен адам жоғары қызметтегі адамға досым еді десе, жараспайды. Жақсы азамат, мен оны сыйлаймын десе, сол маған жеткілікті, - дейді ол. 

Айта кетейік, Жақсыбек Құлекеев «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған тұста, яғни 2008 жылдың 1 сәуірінде 100 мың доллар көлемінде пара алды деген айыппен қамауға алынған болатын. Қызмет бабын асыра пайдалана отырып жасаған заңсыздықтары үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама