Алаяқтардан 39 банк картасы, 4 ұялы телефон мен банк түбіртектері табылып, тәркіленді
Алматыда полицейлер алаяқтықпен айналысқан Қырғызстанның азаматтарын ұстады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, олар елімізге пайда табу үшін келіп, жұмыс берушімен интернет арқылы танысқан. Сөйтіп, шетел азаматтары жұмыс берушінің нұсқауы бойынша адамдармен телефонмен хабарласып, ақшаларын қауіпсіз шотқа аударуға көндіріп, ақшаны ұрлап отырған. Сол үшін олар сыйақы алған.
Киберполдың мәліметіне қарағанда, арнайы іс-шараның нәтижесінде Алматының Алмалы ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде жалға алынған пәтерде Қырғызстанның 30, 26, 20 жастағы үш азаматы ұсталды. Олардың уақытша тұрғылықты жерінен 39 банк картасы, 4 ұялы телефон мен банк түбіртектері табылып, тәркіленді.
Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Дидар Ахановтың айтуынша, күдіктілер 75 жастағы зейнеткерді ақшаға алдап, оның картасынан қомақты ақша алған.
Қазіргі уақытта осындай алаяқтықпен ақша ұрлаған абсқа да адамдарға қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.