«Хабар 24» арнасының тілшісі қайтыс болды
Ардақ Асылханұлы журналистика саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет еткен
14 қазанда «Хабар 24» арнасының өңірдегі тілшілер қосының жетекшісі Ардақ Асылханұлы 45 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Ардақ Асылханұлы журналистика саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет еткен. Марқұм еңбек жолын газеттен бастап, кейін телеарнаға ауысқан. 2008 жылдан бері «Хабар» агенттігінде жұмыс істеген. Осы аралықта жергілікті жұрттың талай түйіткілді мәселенің оң шешілуіне мұрындық болған.
Әріптестері Ардақ Асылханұлы кәсібилігін жоғары бағалайды. Ол ұжым есінде қиындықтан қашпайтын қызметке адал тұлға ретінде қалған. Марқұм қайтыс боларының алдында кеншілердің зейнет жасы жайлы бейнематериал әзірлеп жатқан екен.
«Қарағанды облысындағы халық жиі іздейтін. Тіпті біздің Астанадағы редакцияның телефонына қоңырау шалғанда да бірінші Ардақты сұрайтын. Адалдық бар еді. Қолын бір сілтей салу деген жоқ еді. Қаңтар оқиғасы кезінде байланыс болмады. Бірде бар, бірде жоқ. Арасында ғана байланыс болғанда Ардақ қана үнемі аңдып отырып, түн болсын, күн болсын, бізде жағдай былай болып жатыр, орталық алаңды шолып келдім деп, сонда біз талап етпесек те, өзінің көлігімен барып, әлі күнге дейін есімде түнгі сағат 3-те телефонмен ақпарат берді», - дейді «Хабар» арнасының шығарушы редакторы Бағдат Әбдіқожаева.
«Хабар» агенттігі» АҚ-ның Атырау облысындағы меншікті тілшісі Арыстанбек Кенженің айтуынша, Ардақ Қабыханов азаматтық болмысы биік адам болатын.
«Үлкенге ілтипаты бөлек, кішіге қамқорлығы бар жан еді ғой. Қыршыннан қиылғаны болмаса, соңғы 15-20 жыл ішінде әріптес, үзеңгілес қызмет атқарды. Ғұмыры қысқа болды», - дейді Арыстанбек Кенже.