Еті комбинатқа тапсырылып, мүйіздері «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының қоймасында сақталады
Ақмола облысында киіктерді аулау жұмыстары басталды. Дегенмен жануарларды ұстау қиын болғандықтан, инспекторлар бір аптаның ішінде бар-жоғы 2 ақбөкенді ұстаған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Киік аулау жұмыстары егістікті таптап жатыр деген диқандардың шағымынан кейін басталған. Оларды ұстаумен «Охотзоопром» айналысып жатыр. Киікті атуға болмайтындықтан, мамандар алдымен торға қамап ұстап, артынша сояды. Ал етін комбинатқа тапсырады.
Киіктің бір ұшасы үшін ет өңдеу кәсіпорындары 4 211 теңге төлейді. Мүйіздері «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының қоймасында сақталады.
Қазір ақбөкендерді аулау жұмыстары Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында да жүріп жатыр. Бұл өңірлерде жүзге жуық киік ұсталған.
Ақбөкендерді арнайы тормен аулаймыз. Оның ұзындығы 2 шақырымға дейін жетеді. «Охотзоопром» қызметкерлері киіктерді жан-жағынан қуып, торға қамауы керек. Сонда да қатты жылдамдықпен жүгіретін оларды ұстау оңай болмай отыр. Сондықтан біздің қызметкерлер де көмекке барады, – деді Ақмола облысы орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аймақтық инспекция басшысының орынбасары Арман Тұрымбаев.