Тоқаев ҰҚШҰ саммитінде бітімгер күштерге мән берді
Ауғанстандағы жағдай мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп тұр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан ҰҚШҰ саммитінде сөз сөйледі.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Президент өз сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ол ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.
Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ, Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.