Air Astana Қытайдан авиаотын сатып алмақ

Дәурен Ерболат

Елімізде отынның бұл түрі өндірілмейді

Фото: ©airastana

Air Astana Қытайдан әуе отынын сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.

Air Astana мен PetroChina International Kazakhstan стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында компаниялар әуе керосинін жеткізу мәселелері бойынша ынтымақтасуға, инфрақұрылымды құру және халықаралық стандартына сәйкес, Jet А-1 авиациялық отынға көшу жөніндегі жұмысты жүргізуге келісті, - деп жазылған хабарламада.

Елімізде әуе отынының бұл түрі өндірілмейді. Сондықтан әуе компаниялары Jet А-1 және экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей импорттау мәселесін талқылады.

Компания президенті Питер Фостер Air Astana маршруттық желіні белсенді түрде кеңейтіп, әуе паркін жаңа ұшақтармен жаңартуды жоспарлап отырғанын айтты.

Отынмен қамтамасыз етуде серіктестеріміздің қолдауы Air Astana-ның одан әрі өсіп, дамуына септігін тигізеді. ESG стратегиямызға сәйкес, авиацияда инновациялық және экологиялық бастамаларды енгізуге ниеттіміз, - деді ол.

Айта кетейік, Jet A-1 – IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) стандарттарына сәйкес келетін отын түрі.