Министрліктің хабарлауынша, Серік Мәженов қаруды абайсыз пайдалану салдарынан көз жұмған
Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженов көз жұмды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Серік Мәженовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат желіде пайда болған еді. Ондағы мәлімет бойынша Серік Мәженов браконьерлердің қолынан қайтыс болған.
Ведомство өкілдері инспектордың өлімін растады. Алайда оның өліміне браконьерлердің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
14 желтоқсан күні сағат 09:30 шамасында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында елді мекеннен 10-12 шақырым жерде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мәженов Серік Сағындықұлы қаруды абайсыз пайдалану салдарынан көз жұмды, – деп хабарлады министрлік.
Оның өліміне қатысты өзге ақпараттар нақтыланып жатыр. Министрлік марқұмның жақындарына көңіл айтты.
Серіктің артында екі баласы қалды: бір ұл, бір қыз. Марқұмды 16 желтоқсанда жер қойнына тапсырмақ.