Қала әкімдігі мақұлдаса, барлық ақылы тұрақ аймақтары көк жолақпен бөлінеді
«Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-нің хабарлауынша, енді Қазақстанда алғаш рет көк түсті жол сызықтары пайда болмақ. Ол түс жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін қарастырылған. Мұндай тәжірибе бірнеше жылдан бері Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты ірі мегаполистерде қолданылып келеді.
Пилоттық жоба әзірге елордадағы Нұржол бульварында іске қосылып отыр. Көк жолақ жүргізушілерге ақылы тұрақ кеңістігінің шекараларын жақсырақ және жылдам анықтауға көмектеседі екен. Бұл жаңалықты қала әкімдігі мақұлдаса, болашақта елорданың барлық ақылы тұрақ аймақтары көк жолақпен бөлінетін болады.
Еске сала кетсек, алғашқы ақылы автотұрақтар елордада 2018 жылдың қаңтарында іске қосылды. Ережеге сәйкес, оларда төлем алғашқы 30 минутта жасалуы керек. Жұмыс күндері ақылы тұрақтар 8:00-20:00 аралығында қолжетімді болады. Ал демалыс және мереке күндері пайдалану тегін.