Антикор Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тың ақпарат жариялады

Айнұр Шошаева

Бұған дейін тексеріске іліккен Мұхамедиұлы президенттен араша сұраған еді

коллаж: Halyq Uni

Ұлттық музей басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

«Нұр-Cұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстанның ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаржысын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», – делінген Антикор хабарламасында.

Шарттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды.

Тергеу сотының санкциясымен қазір тінту, сондай-ақ куәлардан жауап алу мен басқа да тергеу әрекеттері жүріп жатыр, – дейді ведомство.

Бұған дейін Антикор экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының үйінде және ол басқаратын Ұлттық музейде тінту жүргізді. Осыған орай оның Facebook-тегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап, көлемді пост жазды.