Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында карантин жарияланды

Карантин залалсыздандыру шаралары аяқталған соң 30 күннен кейін алынады

 Еркеғали Болатұлы 12.10.2023 | 09:30
Қарағанды облысында карантин жарияланды
фото: nikvesti.com

Қарағанды облысының Ахмет ауылында үй құстары жаппай қырылып, Ньюкасл ауруы өршіп барады. Елді мекенде осыған байланысты карантин жарияланды, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Осы себепті тауық еті мен жұмыртқасын пайдалану мен сатуға шектеу қойылды. Ауыл ішінде қазан айының өзінде 220-дан астам тауық қырылып қалған. Құс өлекселері мал қорымына тасталды. Мамандардың айтуынша, оларға өтемақы төленбейді. Тек сауықтыру жұмыстары ғана бюджеттен өтеледі. Ауыл аумағында тіркелген 16 мың құс вакциналаудан өтеді. Карантин залалсыздандыру шаралары аяқталған соң 30 күннен кейін алынады.

Бүгінде өлім-жітімнің тіркелуі тоқтады. Соңғы өлім 2 қазанда тіркелген. Бұл жабайы құстардан жұғады. Ньюкасл ауыруы – вирустық ауру. Адам денсаулығына зияны жоқ. Бұл құстардың арасында өте жіті өтуі мүмкін. Сондықтан өлім-жітімге көп ұшырайды, - деді Ветеринарлық қадағалау комитеті Қарағанды облыстық инспекциясының жетекшісі Ержан Бекетбаев.

«Құстар арасында Ньюкасл ауруының анықталуына байланысты Ахмет ауылының аумағына карантин белгіленсін. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген жергілікті әкімдіктің 6 қазандағы қаулысында.

Айта кетейік, Ньюкасл ауруы тыныс алу жүйесіне, асқазан-ішек жолдары мен жүйке жүйесіне әсер етіп, құстардың жаппай қырылуына себепші болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама