2023 жылғы 11 қазан күні Астанада «Отандастар форумы» өткізіліп, әлемнің 40-тан астам елінен келген 200-ге жуық отандасымыз бас қосты
2023 жылғы 11 қазан күні Астанада «Отандастар форумы» өткізіліп, әлемнің 40-тан астам елінен келген 200-ге жуық отандасымыз бас қосты.
Ауқымды жиынға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері қатысты.
Еліміз үшін маңызды іс-шараны президент Абзал Сапарбекұлы басқарған «Отандастар қоры» ұйымдастырды. «Отандастар қоры» жүйелі түрде шетелде тұратын отандастарымызды қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, сондай-ақ, біздің диаспоралар мен қазақстандықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда.
Аталмыш іс-шараның бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры болды.
«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов форум қатысушыларына: «Біздің алдымызда шетелде тұратын бауырларымызбен қарым – қатынасты нығайтып қана қоймай, оларды сапалы жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының дамуы үшін де, шетелдегі қазақ диаспорасы үшін де тиімді әрі пайдалы болуы тиіс», – деді.
Өз сөзінде Исламбек Салжанов шетелдік іс-сапарларында әрдайым отандастармен кездесуге тырысатынын және олардың әлеуетін еліміздің дамуы үшін қалай пайдалану керектігін талқылайтынын айтты.
Ол кәсіпкер ретінде отандастарымыздың өз елдерінде кәсіпкерлікпен айналысып, шетелдік бауырларымызды біріктіріп жүрген қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсетуі маңызды екенін атап өтті. Өйткені, тұрғылықты елдердегі отандастарымызды біріктіру үшін қажетті қоғамдық жұмыстар мен іс-шаралар, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастық қашан да белгілі бір қаражатты талап етеді.
Спикер өз сөзінде қазақстандық жоғары оқу орындарына жас этникалық қазақтардың түсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауды және болашақта олардың өздері аяққа тұруы үшін Қазақстанда өз бизнесін ашуға көмектесуді ұсынды. Солайша бұл жастар ата-аналары мен туыстарын тарихи отанына өз күшімен көшіре алады. Спикердің пікірінше, қазақтарда егер бір үлкен отбасынан табысты кәсіпкер шықса, онда ол барлық туыстарының аяғына тұрып кетуіне көмектеседі.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы төрағасы қызметін бірге алып жүрген Исламбек Салжанов мүмкіндікті пайдаланып, барлық отандастарды 2024 жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырды. Сонымен қатар, көшпенділер ойындарына оларға туыстарын, достарын және тұрғылықты елдердің азаматтарын біздің ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді және спортымызды көру мақсатында бірге алып келуді ұсынды.
Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.