Президент спортты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларды атады
Қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет
Мемлекет басшысы жуық арада спортты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларға тоқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.
Президент спорт саласын басқару сапасын жақсартуды келесі басымдық ретінде атап өтті.
Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) және федерациялар арасында үйлесім жоқ. Спортты басқару институттарының қызметі мен өзара ықпалдастығына қатысты бүкіл жүйені қысқа мерзімде қайта қарау қажет. ҰОК-нің қызметін жетілдіру ісіне де назар аудару керек. Туризм және спорт министрлігі, ҰОК және федерациялардың жұмысын үйлестіруді түбегейлі жолға қою керек. Тиімді байланыстың, ықпалдастықтың және өзара жәрдемдесудің болмауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни, жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады.
Мемлекет басшысының пікірінше, атлеттеріміздің жоғары деңгейде дайындалуы үшін спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықтау маңызды. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан оның құрылысын жылдамдату керек. Спорт саласында әлемдік деңгейдегі төрешілерді дайындауға күш салу қажет. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысын көтеріп, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған жөн.
Мемлекет басшысы спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдер дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты.
Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір қыз-жігіттер жеткілікті. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашуымыз керек. Фаворитизм мен әділетсіздіктің кез келген түріне тосқауыл қойып, іріктеудің ашық және шынайы өткізілуін қамтамасыз ету аса маңызды. Халықаралық жарыстарда ел намысын үздіктердің үздігі ғана қорғауы керек. Отандық спортта әділеттілік қағидаты мен бәсекенің шынайылығы бірінші орында тұруға тиіс, – деді президент.