Сіз қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз! - деді Қошанов
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек шенеуніктерге сұрақ қоямын деп спикер Ерлан Қошановтан ескерту алды, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.
Ол премьер-министрдің орынбарасы Тамара Дүйсеноваға жалынды сәлем жолдады.
Осыдан бір-екі жыл бұрын президенттің көмекшісі болып тұрғанда сізбен видеоконференция арқылы сөйлестік. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысында Бостандық деген ауыл болды. Ауыл тұрғындары жайылым жерлерінен айырылып қалған еді. Сіз жеке маған және ауыл тұрғындарына уәдеңізді үйіп-төгіп бергенсіз. Енді сіз министрдің қызметіне отырдыңыз. Сондықтан осында мүмкіндікті пайдаланып, сізге ауыл тұрғындарының жалынды сәлемін жеткіземіз, - деді Бақытжан Базарбек вице-премьерге.
Депутат көтерген мәселеге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек жауап беріп, жұмыс істеліп жатқанын жеткізді. Алайда жауапқа Бақытжан Базарбектің көңілі толмады.
«Егер жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса министрліктен қуып шығамыз. Аямаймыз! - деді ол министрдің орынбасарына.
Осы уақытта Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әңгімеге араласып, депутатқа ескерту жасады.
Құрметті Бақытжан Жұмабекұлы! Біріншіден, депутаттық этика деген бар. Сіз қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз! Екіншіден, мен жақтап отырғаным жоқ. Қойып отырған сұрағыңыз дұрыс. 10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Бірінші кезекте бұл – «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы, - деді спикер.
Ол мәселеге жергілікті әкімдіктер жауап беретінін айтты.
«Сіз «Жер әділ бөлініп жатыр ма, жоқ па?» деп сұрақ қойдыңыз ғой? Бұл – ең алдымен жергілікті әкімдердің, екінші кезекте осы құзыретті органдардың мәселесі, солардың жауапкершілігі.
Жер аманаты» комиссиясының құрамына Бас прокуратура да, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, Жер ресурстары комитетінің басшысы, депутаттар, қоғамдық белсенділер мен өкілдері де кіреді. Оның басшысының бірі өзіңізсіз. Сондықтан мен де сізге жалынды сәлем айтқым келеді.
«Жер аманаты» комиссиясының да мәселені бақылауға барлық құзіреті бар. Бұл мәселені жергілікті билік өкілдері де, министрлік те қарауы керек. Комиссия да жауапты. Бақытжан Жұмабекұлы, регламентті қамтамасыз ететін палатаның басшысы ретінде сізге ескерту жасаймын», - деді Ерлан Қошанов.
Еске сала кетсек, мәжілісмен Бақытжан Базарбек бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке де жұмыстан кетуді ұсынған еді.