Қазақстан командасы робототехникадан әлем чемпионы атанды
Оқушыларымыз ұпай саны бойынша әлемдік рекорд орнатты
Қазақстандық оқушылар Сингапурда өткен FIRST Global Challenge робототехникадан ең ірі чемпионатта рекордтық нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан құрама командасында Алматы қаласындағы ФМБ НЗМ оқушылары Нұрислам Тұрғынбай, Нұрсұлтан Жанзақов, Сергей Гапонов, Дәмелі Шаймерденова және Иманәлі Көксал болған. Ұлттық құраманың бапкерлері – Бекзат Іңкәров пен Нұрдәулет Досмағамбет.
Біз Сингапурға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200 оқушының ішінен ұлттық кезеңде іріктелген мықты команданы алып келдік. Біздің команданың алдында өткен жылғы Женевадағы тарихи жеңісті қайталау міндеті тұрды және олар мұны ойдағыдай орындады, ұпай саны бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бұдан басқа, командамыз халықаралық ынтымақтастық үшін төрешілердің марапаттарына ие болды, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Қазақстандағы робототехника жыл сайын халықаралық брендке айналып келеді, - деп бөлісті USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.
FIRST Global Challenge – жыл сайын әртүрлі елде өтетін олимпиадалық үлгідегі жаһандық робототехника чемпионаты. Осы жолғы чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 190-нан астам ел қатысты.